2025 жылғы 21 мамыр күні Сарыарқа ауданының полиция басқармасында «Полиция қызметкері – біздің досымыз және қорғаушымыз» атты танымдық экскурсия өтті.
Іс-шараға қала мектептерімен қатар №72 «Жанарым», №70 «Құлыншақ» және №66 «Толағай» балабақшаларының тәрбиеленушілері қатысты. Экскурсияның мақсаты – балаларды полиция қызметінің қыр-сырымен таныстыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және тәртіп сақшыларына деген сенімді қалыптастыру болды.
Шара барысында балалар түрлі тапсырмалар орындап, сұрақтарға белсенді түрде жауап берді. Оларға саусақ іздерін анықтау тәсілдері мен қызметтік иттің иіс арқылы заттарды табу машықтары көрсетілді. Сонымен қатар, балақайлар полиция көліктеріне отырып, рация арқылы байланыс орнатуды, дабыл жүйесін қалай қосу керектігін тәжірибе жүзінде үйренді.
Экскурсия соңында балаларға естелік ретінде арнайы сыйлықтар табысталып, жағымды әсермен тарқасты.
Мұндай шаралар жас ұрпақтың азаматтық көзқарасын қалыптастырып, құқық қорғау органдарына деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.